Худжанд

Худжанд – Тәжікстанның солтүстігінде орналасқан және Соғды облысының әкімшілік орталығы. Ол халық саны жағынан Тәжікстандағы Душанбеден кейінгі екінші орында тұр. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Худжандта 181 600 адам тұрған. Худжанд – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. Көптеген өзге ежелгі қалалар сияқты Худжандта өзеннің жағасында – бұл жағдайда Сырдария өзенінің бойында пайда болған.

Жоғарыда айтылып өткендей Худжанд өзендермен ұшырасқан қала, ал Сырдария болса – қала ішіндегі өзенге жатады. Бұл өзен қаланы дәл ортасынан Сол және Оң жағалауға бөліп, оның бейнелі, тарихи және моральдық географиясын айқындап тұр.

Худжанд қаласының негізі болған Сырдария өзені де, қаланың өзі де ұзақ жылдар бойы әртүрлі атаулармен аталған. Қалада, өзенде көптеген өзгерістер ұшырап отырған. Өзен инфрақұрылымындағы айтарлықтай өзгерістерді атап өтуге болады. Мұнда әр жылдары көпірлер мен су электр станциялары, ауылшаруашылық жерлерін суаруға арналған каналдар жүйесі, өнеркәсіптік кәсіпорындар салынған. Нәтижесінде қала мен оның айналасындағы жануарлар, өсімдіктер, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік өмір де күрт өзгеріп отырған. Бұл облыстың өзі де әкімшілік тиесілігін бірнеше рет өзгертіп, бір мемлекет иелігінен екінші мемлекет иелігіне ауысып тұрған. Сондай-ақ, көші-қон, жаулап алулар және аймақтың саяси, экономикалық, әлеуметтік өміріндегі басқа өзгерістерге байланысты аймақтың тұрғылықты халқы да өзгерген.

Тарихи деректерге сүйенсек, осы аймақты жаулау кезінде Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) Худжанд қаласының негізін қалаған және бұл қала Александрия Эсхата (Алыстағы Александрия) деп аталған. Ресей империясының отарлау кезеңінде қала Ходжент деп аталған, ал кеңестік кезеңде 1936-1991 жылдар аралығында қаланың атауы Владимир Ильич Лениннің құрметіне Ленинабад болып өзгертілді. Өзен болса әр түрлі тарихи кезеңдерде Танаис, Яксарт және Сырдария деп аталды.

Ежелгі заман тарихшысы Флавий біздің заманымыздың екінші ғасырында: «Ол өзі [Ескендір Зұлқарнайын] Танаис өзенінде қала салуды және оған өзінің есімін беруге шешім қабылдады» – деп жазды. Ежелгі Худжанд сауда мен қолөнер орталығы болған. Жүк тасымалдауда Сырдария өзені пайдаланылды, оның бойында өзен кемелері жүрді. Оларға қызмет ету және Шаш пен Ферғана қалаларынан келген саудагерлер үшін өзеннің оң жағалауында, қалаға қарама-қарсы жерде сарайлар салынған. X ғасырдың географы Мукаддаси қаланы былай сипаттайды: «Худжанд – бұл қуанышты сәттер қаласы, бұл жақта одан жағымды қала жоқ, оның ортасынан өзен ағып жатыр және оған тау да іргелес …, оны данышпандар мен ақындар мақтайды». Худжанд туралы әйгілі Темір әулетінің ұрпағы және Үндістанның солтүстігіндегі Ұлы Моғолдар патшалығының негізін қалаушы – Бабырдың (Бабырнама) естеліктерінде де айтылады.

Өзен қаланы басқыншылардан қорғауда да маңызды рөл атқарды. 1220 жылы Худжандтың әкімі Темір Мәлік қаланы Шыңғыс ханның әскерлерінен қорғап қалады.

Ресей империясы қаланы жаулап алғаннан кейін Худжандтағы отарлық қоныс “Шахри нав” (Жаңа қала) атауын алды. Ресей империясының әскерлеріне Сырдария мен қала арасындағы тар жолақты аумақ берілді, ол қала бекінісінен өзен үстінен өткен ағаш көпірге дейін созылған. Бұл аумақ жиі су астында болатын. 1889 жылы теміржол станциясының жанындағы орыс ауданының көп болуына байланысты орыс ауылын құруға қосымша жер бөлінді.

“1866 жылдың 17-24 мамыр аралығында болған Худжанд қаласын қоршау және шабуылдың жоспары”

Ленин қаласы

1936-1991 жж. аралығында Худжанд Ленинабад немесе «Ленин қаласы» деп аталды. Кеңестік даму бағдарламасының маңызды бөлігі бүкіл елді электрлендіру жоспары болды. Орталық Азияда тау көздері бар өзендерде ірі су электр станцияларын салу жобалары инфрақұрылымдық кәсіпорындар ретінде ғана емес, сонымен бірге коммунизмді құру мақсатында табиғатты ауқымды түрлендірудің бөлігі ретінде сипатталды. Ерте кеңестік кезеңнің ресми дереккөздерінде, сондай-ақ 1960-шы жж. риторикада «жабайы өзендерді қолға үйрету» және «аш даланы бағындыру» туралы қаһармандық ұрандар аясында су электр станцияларын салу процесі сипатталған.

Жаңа бағытта. В. Пилпенюктің литографиясы. «Огни Нурека» кітабынан / Ред. В.И. Дашкевич. Душанбе: Ирфон, 1974 ж.

Ленинабад. Сырдарияның оң жағалауындағы Ленин ескерткіші. (Советтік Тәжікстаннан: Фотоальбом.

Душанбе: Ирфон, 1984).

Кеңес үкіметі кезінде қала «оң жағалауға қадам басты» – жаңа Социалистік Худжанд Сырдарияның бұрын адамдар тұрмаған жағына қарай өсті. Сырдарияның тау бөктеріндегі бөлігінде заманауи үлгідегі шағын аудандар салына бастады. Мукимов пен Мамаджанова «Худжандтың архитектуралық мұрасы» кітабында: «Әрине, жасыл алқасы бар саябақ аймағынан, бетонды «жейде» киінген жағалаудан, екі жағалауды қосатын әсем көпірлерден тұратын Сырдария – бұл бүкіл қаланың сәні, біртұтас қала құрылыс кешені» – деп жазады (1993, 32 б.).

Өзен және қоғам

Қоғамның алуан түрлі және ерекше формаларын, жариялылық (публичный) және құпия түрлерін қалыптастыруға өзен ықпал етеді. Тарихи дереккөздер Сырдария өзенінің Худжандтағы бөлігінде жергілікті тұрғындар көп уақыт өткізгенін көрсетеді. Мұнда алауханалар – ерлерге арналған қонақ үйлер мен жиналыс орындары салынды. Сондай-ақ қаланың ер адамдарына арналған демалыс орны ретінде қызмет ететін шайханалар да салынды. Бұл шәйханалардағы тапчандарда (су айдындары мен өзен жағалауларындағы ағаш сәкілер) ер адамдар көптеген уақытын өткізеді. Әдетте, моншалар да ерлерге арналып салынатын болған, шығыстың өзге елдерімен салыстырғанда әйелдердің моншаға түсуі мұнда едәуір шектеулі деңгейде. Бүгінде, Оң жағалаудағы қоғамдық жағажайда Худжандтың толығымен ер адамдардан тұратын шағын қауымдастығы жиналады, олар таң атқанда жағажайда кездеседі, жаттығулар жасайды, өзенде шомылады, кейін шай ішеді, шахмат пен нарды ойнайды, жаңалықтарымен бөліседі. Сонымен қатар, ер адамдар күндіз де, кешке де жағажайдан алыс емес жерде, өтіп бара жатқан адамдардың көздерінен жасырылған қала көпірінің астындағы көлеңкеде құпия майханада жиналады. Күн батқан кезде өзен бойында қармақтары мен қайықтары бар бірнеше жалғыз балықшыларды көруге болады, дегенмен көптеген адамдар жыл сайын балық санының азайып жатқанын айтып шағымданады. Әрі қарай, өзеннің жоғарғы жағында Худжанд тұрғындары мен қала қонақтары «Тәжік теңізінің» жағасында отбасылық демалысқа жиналады. Тәжік теңізі – 1956 жылы «Халықтар достығы» Қайырқұм су электр станциясының құрылысы нәтижесінде пайда болған жасанды су қоймасы. Осылайша, өзенмен өзара әрекеттесу және оның әр түрлі ресурстарына қол жеткізу гендерлік сипатқа ие.

Гендер және жүзу

2017-2018 жж. жазында Худжанд пен оның айналасындағы өзендер мен адамдардың өзара әрекеттесуі туралы далалық зерттеулері барысында Мохира Суяркулова ерлер мен әйелдер өзенмен әр түрлі әрекеттесетінін байқайды. Бұл көріністің бір мысалы ретінде ерлер мен әйелдердің жүзу қабілетінің айырмашылығын қарастыруға болады. Жүріс-тұрыстың айтылған да, айтылмаған да ережелеріне сәйкес, ер адамдар өзенде суға жүзуге арналған іш-киіммен немесе өзінің іш киімімен жүзе алады, ал әйелдер болса тәжіктердің ұзын көйлектері мен шалбарларын киіп ғана түседі. Әйелдер үшін қарапайымдылық пен пәктіктің гендерлік нормалары су аймағын қауіпті аймақ ретінде анықтайды. Мұнда гендерлік және әлеуметтік тәртіпке қауіп төнуі мүмкін, сондықтан ерекше сақтықты қажет етеді. Демек, іс жүзінде суға жақын барлық қоғамдық орындар – Сырдария жағалауындағы жағажайлар, бассейндер мен шайханалар тек ерлер кеңістігі болып саналады. Бұл жағдай әйелдердің жүзуді үйренуге мүмкіндігі жоқ екенін білдіреді, ал олардың «баруға болмайтын» жерлерде болуы әйелдердің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін.

«Тәжік теңізінің» (Қайраққұм су қоймасы) жағасындағы балалар. 2017 ж. Мохира Суяркулованың суреті